Accessibility links

ІІМ: Автокресло туралы талап күшінде қалады


Автокресло. (Көрнекі сурет)

Автокресло. (Көрнекі сурет)

Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов көлікте 12 жасқа дейінгі балаларды автокреслоға отырғызу туралы заң талабын орындау кейінге шегерілмейді деп мәлімдеді. Парламентте сөйлеген Қасымов жаңа ереже "Жол қозғалысы туралы" жаңа ережеде жазылғандай орындалады деді.

Бұған дейін мәжілістің бір топ депутаты үкіметтен баланы көлікке отырғызуға қатысты талапты қолданысқа енгізуді бір жылға дейін шегере тұруды сұраған. Қаңтардың 7-сінде күшіне енген жол қозғалысы ережесіндегі талаптардың бірі – 12 жасқа дейінгі баланы көлікке арнайы құрылғымен мінгізу жайлы болған.

Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына жолдаған сауалда "Ақ жол" фракциясының депутаттары бұл талаптың "көлікте баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігінен туындағанын" айтып, бірақ қазір оны орындауда кедергілер барын келтірген.

Бірақ министр жаңа ережені қолданысқа енгізу мерзімін кейінге шегеру жол-көлік оқиғалары құрбандары санының артуына жол ашады дейді.

Баланы көлікке арнайы құрылғымен мінгізу талабын орындамағандарға заң бойынша бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде (9910 теңге) айыппұл салынады.

XS
SM
MD
LG