Accessibility links

"Ан-2" апатын тексеретін комиссия құрылды


"Ан-2" ұшағы. (Көрнекі сурет)
"Ан-2" ұшағы. (Көрнекі сурет)

Бүгін "Ан-2" ұшағының апатқа ұшырау себептерін тексеру жөнінде арнайы үкіметтік комиссия құрылды деп хабарлады инвестициялар және даму министрлігі.

Комиссияны инвестициялар және даму вице-министрі Жеңіс Қасымбек басқарады. Ал құрамына денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғандықов, бас көлік прокуроры Ыбырай Тілеуғалиев, ішкі істер министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі және басқа мемлекеттік органдар өкілдері кірген.

Қаңтардың 20-сында "Ан-2" ұшағы Шу ауданының аумағында құлаған. Балқаштан Шатыркөл кенішіне ұшып бара жатқан ұшақ бортында "Қазақмыс" компаниясының төрт қызметкері мен экипаждың үш мүшесі болған. "Қазақмыс" пен оған қарасты "Балхашцветмет" кәсіпорнының үш қызметкері және экипаждың үш мүшесі қаза тапқан. "Балхашцветмет" кәсіпорнының бас геологы тірі қалып, жарақатпен ауруханаға түскен.

"Қазақмыстың" хабарлауынша, ұшақ "Олимп Эйр" компаниясына тиесілі болған. Ұшақтың апатқа ұшырауына ауа райы себеп болуы мүмкін.

Апатқа ұшыраған "Ан-2" ұшағы 1973 жылы шығарылған, 2009 жылы 28 тамызда мемлекеттік реестрге енгізілген. Ұшақ азаматтық авиация комитетінде 2014 жылы маусымда тексерістен өтіп, оны қолдануға рұқсат етілген. Комитет "Ан-2" ұшағына 2015 жылдың 10 маусымына дейін ұшуға жарамдылығын растайтын сертификатын берген.

XS
SM
MD
LG