Accessibility links

Керри: Сепаратистер Украинаның көп жерін басып алғысы келеді


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Болгария, 15 қаңтар 2015 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Болгария, 15 қаңтар 2015 жыл.

"Мәскеу қолдайтын сепаратистер Шығыс Украинадағы қақтығыс аймағында барынша көп территорияны басып алуға тырысып жатыр" деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри қаңтардың 21-інде Вашингтонда Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могеринимен кездесуден кейін.

Керридің сөзінше, АҚШ сепаратистердің Дебальцевода кең ауқымды шабуылдарға көшу нышаны барына және ірі теміржол желісін басып алуға тырысып жатқанына алаңдаулы. АҚШ сепаратистердің қақтығыс аймағындағы территориясын кеңейту әрекетін "Минск келісімін өрескел бұзу" деп санайды.

Вашингтон Украинаның территориялық тұтастығына қол сұғу әрекетін айыптап, Украинаны қолдауға, оның ішінде экономикалық қиындықтармен күресуіне барынша көмектесуге ниетті дейді Джон Керри.

ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могеринидің айтуынша, АҚШ пен ЕО Украинаның шығысындағы дағдарысты шешуге қатысты бірдей ұстанымда. Оның сөзінше, Мәскеуге қарсы экономикалық санкциялар салу стратегиясы бірлесе жасалады.

Могерини болашақтағы санкцияға қатысты қандай да бір шешім Ресейдің Минск келісімінде өзіне алған міндеттемелерді орындауына байланысты қабылданатынын ескертті.

XS
SM
MD
LG