Accessibility links

Жомарт тұрғындары электр қуаты бағасына наразы


22 қаңтарда Алматы қаласының іргесіндегі Іле ауданына қарасты Жомарт ауылының 40 шақты тұрғыны электр қуаты бағасына наразылық танытты.

Ауыл тұрғындары соңғы айларда электр қуаты бағасының ай сайын қымбаттағанын айтып наразы болды. "Қараша айына дейін жарыққа бір киловатт-сағаты үшін 24 теңге төлеп келгенбіз. Желтоқсан айында баға 26 теңге болды. Ал қаңтар айынан бастап "электр қуаты қымбаттады" деп 28 теңгеден төлеуді міндеттей бастады. Бағаның неге бұлай ай сайын қымбаттайтынын түсінбей отырмыз" дейді тұрғындар.

Әбдіманап Есбергенов есімді тұрғын таяуда аудандық электр қуатын тарату мекемесінен тұтынған электр қуаты жайлы түбіртек алғанын, онда бір киловатт-сағат электр қуаты үшін төленетін баға 22 теңге деп көрсетілгенін айтады.

Наразылық жиынына ауыл тұрғындарынан электр энергиясының ақшасын жинайтын саяжайлық серіктестік төрағасы Шаяхмет Алжанбаев та қатысты. Оның айтуынша, бағаның қымбаттауына электр қуатын тарату кезінде энергияның жоғалуы себеп. "Тұтынушыға жеткенше ортада электр қуатының белгілі бір мөлшері жоғалып кетеді. Бағаның 22 теңгеден қымбаттау себебі осы" деді Шаяхмет Алжанбаев.

Тұрғындар мен серіктестік төрағасы әзірше электр қуатының бір киловат-сағатының құнын 26 теңгеден төлейтін болып келісті. Бұған қоса ауыл тұрғындарынан комиссия құрылып, наразылар келесі аптада серіктестік төрағасымен бірге аудандық электр қуатын тарату мекемесінде баға мәселесін талқылайтын болып тарқасты.

Бұдан бірер күні бұрын Алматы облысы Талғар ауданы Жалғамыс ауылының тұрғындары да электр энергиясы бағасының қымбаттауына наразылық білдірген.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG