Accessibility links

Атырауда Арон Атабекке бостандық беруді талап етті


Түрмеде отырған ақын Арон Атабекті қолдау акциясына қатысушылар. Атырау, 24 қаңтар 2015 жыл.

Түрмеде отырған ақын Арон Атабекті қолдау акциясына қатысушылар. Атырау, 24 қаңтар 2015 жыл.

Бүгін Атырау қаласында 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасы бойынша қылмыстық айыппен түрмеде отырған Арон Атабекті қолдау жиыны өтті. Қаладағы Абай Құнанбаев көшесінде өткен акцияға, бұл күні ауа райы 30 градус аяз болғанына қарамастан ондаған адам қатысты деп хабарлады шараны ұйымдастырушы жергілікті белсенді Макс Боқаев Азаттыққа.

«Митингтің мақсаты – саяси тұтқын Арон Атабектің жағдайына елдің, биліктің назарын аударту. Аронның түрмеде отырғанына биыл тоғыз жыл. Оның қамаудан шартты түрде мерзімінен бұрын шығуына уақыт жетті» деді ол.

Белсендінің айтуынша, митингке қатысушылар билікке «Арон Атабекке бостандық берілсін!» деген талап айтып, түрмеде отырған ақынға арналған өлеңдер оқыған, қаңтардың 31-інде 62 жасқа толатын Арон Атабекке туған күнімен құттықтау жеделхаттарын жіберуді ұйғарған.

Сонымен бірге Макс Боқаев бүгінгі шараны өткізу туралы өтініштеріне жергілікті биліктің рұқсаты барын айтты.

«БҰҰ-ның азаматтардың бейбіт жиындар өткізу және еркін жиналу құқығы жөніндегі өкілінің Қазақстанға сапары қарсаңында берген өтінішімізді билік алғаш рет қанағаттандырып, рұқсат етті» деді ол.

Қазақстандық ақын әрі диссидент Арон Атабек (Едігеев) «2006 жылдың шілдесінде Алматыдағы Шаңырақ кентінде болған оқиғаларды ұйымдастырды» деген айыппен 2007 жылы қазанда 18 жылға сотталған. Полиция мен Шаңырақ тұрғындарының қақтығысы кезінде бір полицей қаза тапқан еді. Қазақстандық құқық қорғаушылар Арон Атабекті саяси тұтқын деп санайды.

XS
SM
MD
LG