Accessibility links

Әлем жетекшілері Эр-Риядқа көңіл айтып келіп жатыр


Сауд Арабиясының жаңа королі Салман ибн Әбдел-Әзиз әл-Сауд ағасы король Абдулланы жерлеу рәсімінде отыр. 23 қаңтар 2015 жыл.

Сауд Арабиясының жаңа королі Салман ибн Әбдел-Әзиз әл-Сауд ағасы король Абдулланы жерлеу рәсімінде отыр. 23 қаңтар 2015 жыл.

Әлем елдерінің мемлекет және үкімет басшылары Сауд Арабиясының жаңа королі Салман ибн Әбдел-Әзиз әл-Саудқа ағасы король Абдулланың қайтыс болуына байланысты көңіл айтып Эр-Риядқа келіп жатыр.

Бүгін Эр-Риядқа негізінен халықының көпшілігі мұсылман емес елдердің басшылары келіп жатыр. Атап айтқанда, Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон, британ ханзадасы Чарльз, Франция президенті Франсуа Олланд келеді. Ресейден премьер-министр Дмитрий Медведев қатысады.

Ақ үй президент Барак Обама қаңтардың 27-сі күні Сауд Арабиясына барып, жаңа король Салманмен кездеседі деп хабарлады. Сол үшін Обама өзінің Үндістанға сапар бағдарламасын бір күнге қысқартпақ. Бұған дейін АҚШ делегациясын вице-президент Джо Байден бастап барады деп хабарланған еді.

Кеше имам Түрки бин Абдулла мешітінде өткен азалы рәсімге негізінен мұсылмандар көп тұратын елдердің басшылары қатысқан. Олардың арасында Парсы шығанағындағы елдердің басшылары, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Пәкістан премьер-министрі Науаз Шариф болды. Сәл кейінірек Палестин автономиясының жетекшісі Махмуд Аббас, Малайзия премьер-министрі Наджиб Разак, Ирак президенті Фуад Масум барды.

Жұма күні кешке 79 жастағы жаңа король Салман мен 69 жастағы тақ мұрагері Мугрин ханзадаға адал болуға ант беру үшін осы елдің мыңдаған адамы король сарайы алдында кезекте тұрды.

Сауд Арабиясын 2005 жылдан билеген 90 жастағы король Абдулла ибн Әбдел-Әзиз әл-Сауд 2014 жылдың соңында өкпе қабынуымен Эр-Риядта ауруханаға түсіп, қаңтардың 23-і күні жергілікті уақытпен түнгі сағат бірде дүние салған еді.

XS
SM
MD
LG