Accessibility links

Грекияда парламент сайлауы өтіп жатыр


Грекия премьер-министрі Антонис Самарас (сол жақта), "Потами" партиясының жетекшісі Ставрос Теодоракис (ортада) және СИРИЗА басшысы Алексис Ципрас.

Грекия премьер-министрі Антонис Самарас (сол жақта), "Потами" партиясының жетекшісі Ставрос Теодоракис (ортада) және СИРИЗА басшысы Алексис Ципрас.

Грекия азаматтары бүгін кезектен тыс парламент сайлауына дауыс беріп жатыр. Елде дауыс беру құқығына ие 9 миллион 800 мыңға жуық сайлаушы парламентке 300 депутатты сайлауы тиіс.

Бұл сайлау бүкіл Еуропа Одағы аймағы үшін маңызды болып отыр. Қатаң үнемдеу саясатына қарсы радикалды солшыл күштердің СИРИЗА коалициясы бұл сайлауда жеңіске жетсе, Грекия еуро аймағынан шығуы мүмкін.

Қоғамдық пікірді зерттеушілер мәліметтері бойынша, Алексис Ципрас жетекшілік ететін СИРИЗА танымалдылығы премьер-министр Антонис Самарас басқаратын «Жаңа демократия» консервативтікпартиясынан төрт пайызға озып тұр.

Бұған дейін Ципрас Грекияның халықаралық кредиторларға қарыз 318 миллиард еуроны өтеу мерзімінің шарттарын қайта қараған жөн деп санайтынын мәлімдеген. Өз кезегінде Самарас егер СИРИЗА сайлауда жеңсе, бүкіл Еуропаны Грекияға қарсы қойып алады деп ескерткен. Ол дағдарысқа қарсы шаралар енді нәтиже бере бастаған тұста билікке СИРИЗА коалициясының келуі қауіпті болмақ деп мәлімдеген.

Грекияда кезектен тыс парламент сайлауын өткізуге бұған дейінгі парламенттің үш мәрте дауыс бергенімен жаңа президентті сайлай алмауы себеп болған еді. Грекия заңы бойынша, ондай жағдайда парламент таратылып, елде кезектен тыс сайлау өткізіледі.

XS
SM
MD
LG