Accessibility links

Белсенділер Ерғалиеваның аштығы жайлы үндеу жасады


ADAM bol журналының редакторы Гүлжан Ерғалиеваны қолдау акциясында тұрған адамдар. Алматы, 24 қаңтар 2015 жыл.
ADAM bol журналының редакторы Гүлжан Ерғалиеваны қолдау акциясында тұрған адамдар. Алматы, 24 қаңтар 2015 жыл.

ADAM bol журналының аштық жариялап жатқан бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваны қолдау штабы билік өкілдерінен оның талап-тілектеріне дереу жауап қайтаруға шақырады деп хабарлады бүгін "Әділ сөз" баспасөз бостандығын қорғау ұйымы.

Штаб өкілдері - құқық қорғаушылар Тамара Калеева, Розлана Таукина, Ғалым Ағелеуов, Бақытжан Төреғожина, журналист Рысбек Сәрсенбай, саясаткерлер Әміржан Қосанов, Маржан Аспандиярова үндеуде журнал мен оны құрушыларды қудалауды тексеретін республикалық ведомствоаралық комиссия құруды талап еткен.

Белсенділер Гүлжан Ерғалиева соттың ADAM bol журналы мен оның иесі - ADAMDAR компаниясын "ар-намысыма тиді" деп шағымданған имамға моральдық шығын төлеуді міндеттегеніне және биліктің пәрменімен журналдың жабылуына наразылық білдіріп қаңтардың 19-ынан бері аштық жариялап жатқанын айтады. Олар бұған қоса Гүлжан Ерғалиеваның денсаулығы нашарлай бастағанын, қан қысымы мен жүрек соғысында өзгерістер барын айтқан. "Бақылаушы дәрігерлер Ерғалиеваның денсаулығы бұдан ары нашарлай беруі мүмкін деп ескертті" делінген үндеуде.

Үндеу Қазақстан президенті, сенат пен мәжіліс төрағалары, бас прокурор мен жоғарғы сот төрағасының атына жазылған.

"Соғысты насихаттау белгілер бар" деген негізбен сот өткен айда ADAM bol журналын жабуға шешімін шығарған. Құқық қорғаушылар "басылымды жабудың саяси астары бар" деп санайды. Билік оны жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG