Accessibility links

БҰҰ өкілі: Жаңаөзен оқиғасын тәуелсіз тексеру керек


БҰҰ-ның бейбіт жиындар жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаи (сол жақта) мен Жаңаөзен мұнайшылары белсендісі Роза Төлетаева. Жаңаөзен, 24 қаңтар 2015 жыл.

БҰҰ-ның бейбіт жиындар жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаи (сол жақта) мен Жаңаөзен мұнайшылары белсендісі Роза Төлетаева. Жаңаөзен, 24 қаңтар 2015 жыл.

БҰҰ-ның бейбіт жиындар жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаи 27 қаңтарда Астанада өткен жиында "Қазақстан үкіметі халықтың сенімін иелену үшін Жаңаөзен оқиғасына тәуелсіз халықаралық тексеру жүргізуі қажет" деп мәлімдеді.

Бейбіт жиындар мен ассоциациялар еркіндігі жөнінде өткен қоғамдық тыңдауға қатысқан Киаидың сөзінше, Қазақстан билігі 2011 жылдың желтоқсан айында елдің батысында болған қайғылы оқиғалар туралы шындықты айтудан қауіптенбеуі тиіс.

"Мен Жаңаөзенде оқиға құрбандарымен, олардың туыстары және жақындарымен кездестім. Кездесуден бұл оқиға әлі күнге дейін жазылмаған жара болып отырғанын және тұрғындардың сол оқиғалардың елесін әлі сезінетінін ұқтым. Сол кезде қалыптасқан жағдайларға ереуілге шыққан кейбір мұнайшылардың әлі күнге дейін көңілі толмайды" деді Майна Киаи.

БҰҰ арнайы өкілі Қазақстанда қаңтардың 19-ынан бері жүр. Ол сапары барысында Қазақстанның бірнеше қаласына барып, азаматтық белсенділермен, билік өкілдерімен және кәсіподақ мүшелерімен кездесті.

Майни Киаи 26 қаңтарда Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен жолығып, елдегі бейбіт жиын өткізу еркіндігінің қазіргі жай-күйі жайлы алдын-ала есебімен танысқан.

Майна Киаи сапарының қорытындысы бойынша биыл маусым айында БҰҰ-ға Қазақстандағы бейбіт жиын өткізу және жиналу еркіндігі жағдайына қатысты есеп береді.

XS
SM
MD
LG