Accessibility links

Козлов түрмеде оңды мінездеме алудан үмітті


Оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың әйелі Әия Тұрысбекова. Алматы, 28 қаңтар 2015 жыл.
Оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың әйелі Әия Тұрысбекова. Алматы, 28 қаңтар 2015 жыл.

Жеті жарым жылға сотталған оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова күйеуі түрмеде тәртібі дұрыс деген мінездеме алады деп үміттенетінін айтады.

Бұл жайында Алматыда өткен баспасөз жиынында хабарлаған Тұрысбекованың сөзінше, Козлов түрмеде жағдайы дұрыстау абақтыға ауысу үшін түрме әкімшілігінен тәртібі дұрыс деген мінездеме алуы қажет. Тұрысбекова кеше, қаңтардың 27-сінде Алматы облысының Заречный кентіндегі түрмеде отырған күйеуімен жолығып қайтқан.

Әлия Тұрысбекованың айтуына қарағанда, Козловқа осыдан жарты жыл бұрын "тәртібіне байланысты" салынған жазаның мерзімі біткен. Ақпан айының басында сотталғандардың мінез-құлық дәрежесін бағалайтын комиссия отырысы өтеді. Комиссия отырысында Козловқа "тәртібі дұрыс" деген мінездеме берілуі мүмкін.

Әлия Тұрысбекова қаңтардың 20-сында Козловқа Қазақстанға келген БҰҰ-ның бейбіт жиындар жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаи барып қайтқанын айтады.

Қаңтардың алғашқы жартысында түрмедегі аттестациялық комиссия Козловтың тәртібіне "бірінші дәрежелі теріс" деген мінездеме берген. Бұл Козловтың ақпан айында жаза мерзімі біткенде сол түрмедегі қоныстану колониясына ауысуына да, жағдайы дұрыстау абақтыға ауысуына да кедергі келтіреді.

Владимир Козлов жалпы режимдегі колонияда отыр. Бұған дейін ол өзін қатаң режимде ұстау абақтысынан әдеттегі режимдегі абақтыға ауысқан. Енді ол жеңілдетілген, жағдайы дұрыстау абақтыға ауысуға күш салып жүр.

Қазақстан түрмелеріндегі абақтылардың түрлі режимде болуы сотталушыларға түрлі құқықтар, оның ішінде ұзағырақ уақыт көрісуге құқық береді.

Өткен жылдың күзінде сот тәртібіне қатысты жазасы бар деп Козловтың жазасын өтеу режимін жеңілдету туралы өтінішін орындаудан бас тартқан. Козлов ол тәртіп жазасы туралы білмегенін айтып, сотқа шағымданғанымен, шағымы қанағаттандырылмаған.

Оппозициялық "Алға" партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасына қатысты айыптармен жеті жарым жылға сотталған. Қазақстандық кейбір құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп таныған.

XS
SM
MD
LG