Accessibility links

Алматыда үш үй сүрілді


28 қаңтарда Алматының Жетісу ауданына қарасты Айнабұлақ-3 ықшам ауданындағы үш үйдің тұрғындары билік орындары баспаналарын "рұқсатсыз салынды" деген себеппен сүріп тастағанын хабарлады.

Үйі сүрілген Шахинар есімді тұрғынның айтуынша, үш отбасы бұдан бір жыл бұрын ықшам ауданның шет жағындағы сазды жерге топырақ төгіп, шағын үй салып алған.

"Үй салғанда да, сүретін кезде де әкімшіліктен ешкім келіп ескертпеді. Бүгін арасында полиция бар бір топ адам келіп, үйден заттарды шығарып сүріп тастады. Үйді сүру туралы да ешқандай құжат көрсетпеді" дейді тұрғын.

Азаттық тілшісі оқиға орнына барғанда екі отбасы бала-шағасымен далада, үйден шығарып тастаған заттарының қасында тұрды. Сыртта тұрған екі әйел күйеулері Абай Садыров пен Тұрғанжан Сүлейменовті полиция "үйді бұзуға қарсылық көрсетті" деп ұстап әкеткенін айтады. Тұрғындар үйлеріне қатысты ешбір құжат көрсете алмады.

Жетісу аудандық тұрғын үй және сәулет бөлімінің бастығы Ерік Магданов "Сот ол үш үйді су қорғау аймағына заңсыз салынған деп, сүру туралы шешім шығарған. Сот шешімі шыққан отырысқа өзім қатыстым. Негізі ол жерде он шақты үй су қорғау аймағына заңсыз салынған" деді.

Жетісу аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші қызметкері аталған тұрғындардың "бөлімге әзірге әкелінбегенін" айтты.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG