Accessibility links

Египетте содырлар шабуылынан 25 адам мерт болды


Египеттің Синай түбегінде жарылыстан зардап шеккен автобус. (Көрнекі сурет).

Египеттің Синай түбегінде жарылыстан зардап шеккен автобус. (Көрнекі сурет).

Египет билігі Синай түбегінде содырлардың қаңтардың 29-ында полиция мен армия өкілдеріне бір мезетте жасаған шабуылынан 25 адам қаза тапқанын хабарлады. Құрбан болғандардың көпшілігі сарбаздар, кейбір бейбіт тұрғындар.

Шабуылдар Солтүстік Синайдағы Әл-Ариш қаласында, Шейх Зувайб қаласы маңында және Газамен шектес Рафак қаласында болған.

Ресми орындардың ақпараты бойынша, әскери база маңында көлікке жасырылған бомба жарылған. Бұған қоса қонақүй мен бірнеше бақылау-өткізу бекеті минометтен атқыланған.

Шенеуніктер әскери базаға жасалған шабуылдан үйінді астында бірнеше адам қалып қойғандықтан құрбандар саны артуы мүмкін дейді.

Шабуылды радикалды "Ислам мемлекеті" ұйымының Египеттегі қанаты "Ансар Бейт әл-Мақдис" тобы мойнына алды. Бұл топ өткен жылы "Ислам мемлекеті" ұйымына адал екенін мәлімдеп, ант берген.

2013 жылы Египеттің исламшыл президенті Мұхаммед Мурси биліктен тайдырылғаннан бері исламшыл содырлардың шабуылынан Египет қауіпсіздік қызметінің ондаған қызметкері мерт болды.

XS
SM
MD
LG