Accessibility links

Ресей билігі екі қоғамдық ұйымды тексеруді бастады


Transparency International халықаралық антикоррупциялық ұйымы Мәскеудегі бөлімшеcінің жетекшісі Елена Панфилова.

Transparency International халықаралық антикоррупциялық ұйымы Мәскеудегі бөлімшеcінің жетекшісі Елена Панфилова.

Ресей прокуратурасы елде жұмыс істеп жатқан екі үкіметтік емес ұйымға – Transparency International (ТІ) халықаралық антикоррупциялық ұйымының Мәскеудегі бөлімшесі мен «Гражданское содействие» құқыққорғау комитетіне дүйсенбі, ақпанның 2-іне дейін бірқатар құжаттарды берулерін сұрап жазбаша талап тапсырған.

Қоғамдық ұйымдар ресми талап-хатта көрсетілген құжаттар көлемі ауқымды болғандықтан, оларды аталған мерзімге дейін әзірлеп үлгеру мүмкін еместігін айтады. Transparency International ұйымының хабарлауынша, прокуратура одан жарғы құжаттарын, қаржы донорларымен келісім-шарттарды, қаржының қалай жұмсалғаны, жүргізілген шаралар мен баспасөз құралдарында жарияланған материалдарды сұратқан.

«Бізден грант берушілерге өткізген есептерімізді орыс тілінде жазып тапсыруды талап етіп отыр. Ондай есептердің кейбірі ағылшын тілінде болғандықтан, дүйсенбіге дейін 50 беттен аса құжатты орысшаға аударып беруіміз керек болады» дейді ТІ ұйымының Мәскеу бөлімшесінің өкілі Глеб Гавриш.

«Гражданское содействие» құқыққорғау комитетінің жетекшісі Светлана Ганнушкинаның айтуынша, жұма күні ұйым кеңсесіне келген прокуратура мен полиция өкілдері қоғамдық комитетті тексеру басталғанын хабарлап, дүйсенбіге дейін көптеген құжаттарды тапсыруды ескерткен.

Бұған дейін Ресейде қабылданған даулы заңға сәйкес, шетелден грант алып жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың барлығы «шетел агенті» ретінде тізімге алынуы тиіс. Бұл заңға бойкот жариялаған құқықорғаушылар Кремль осы арқылы азаматтық қоғамға қарсы қысымды күшейтіп отыр деп біледі.

XS
SM
MD
LG