Accessibility links

Митт Ромни АҚШ президенті сайлауына түспейді


АҚШ саясаткері Митт Ромни. Бостон, 7 қараша 2012 жыл.
АҚШ саясаткері Митт Ромни. Бостон, 7 қараша 2012 жыл.

АҚШ республикалық партиясының өкілі, Массачусетс штатының бұрынғы губернаторы Митт Ромни 2016 жылы өтетін президент сайлауына түспейтіні туралы мәлімдеді. Жұма күні өзін қолдаушылармен кездесуде ол «біздің партиядан кандидат болуға лайықты жаңа лидерлерге жол берген жөн» деген шешімге келгенін айтқан.

Бұдан үш апта бұрын Нью-Йоркте өткен кездесуде Ромни алдағы жылы өтетін АҚШ президенті сайлауына тағы да кандидат ретінде қатысу ниеті жайлы мәлімдеген болатын.

Ромни бұған дейін 2008 жылы АҚШ президенті сайлауына республикашылар атынан түсуге Джон Маккейнге жол берген, ал 2012 жылғы сайлауда негізгі бәсекелесі Барак Обамадан жеңіліп қалған еді.

Жақында Ромнидің партияласы, Флорида штатының бұрынғы губернаторы Джеб Буш 2016 жылы өтетін президент сайлауына түсуге керекті қаржы жинауды ұйымдастыру туралы мәлімдеген. Джеб Буштың әкесі үлкен Джордж Буш (1989 жылы) пен ағасы кіші Джордж Буш (2000 және 2004 жылдары) АҚШ президенті қызметіне сайланған тұлғалар.

XS
SM
MD
LG