Accessibility links

Минскіде Украина жайлы кездесу нәтижесіз бітті


Украина жайлы кездесу нәтижесін күтіп тұрған журналистер. Минск, 31 қаңтар 2015 жыл.

Украина жайлы кездесу нәтижесін күтіп тұрған журналистер. Минск, 31 қаңтар 2015 жыл.

Украинаның шығысындағы бейбітшілік бітімі туралы сенбі күні Минскіде өткен келіссөздер нәтижесіз аяқталды. Оған Киев өкілі ретінде қатысқан Украинаның экс-президенті Леонид Кучма келіссөздер өзін өзі жариялаған Донецк және Луганск «халық республикалары» жетекшілерінің кесірінен аяқсыз қалды деп мәлімдеген.

Кездесуге Ресей атынан осы елдің Украинадағы елшісі Михаил Зурабов, ОБСЕ атынан – Хайди Тальявини қатысқан. Өзін өзі жариялаған «ДХР» мен «ЛХР» жетекшілері Александр Захарченко мен Игорь Плотницкийдің орнына Минскіге олардың өкілдері – Денис Пушилин мен Владислав Дейнего келген.

Қаңтардың 30-ы күні Плотницкий келіссөздерге тек құжаттарға қол қоюға ғана келетінін айтып, егер тараптар мәмілеге келмейтін болса, Луганск және Донецк облыстарын «толық азат еткенше» шабуылды жалғастыра беретінін мәлімдеп сес көрсеткен еді. Ол Киевке қойылатын негізгі талап – Донбастан экономикалық блокаданы толық алып тастау екенін айтқан.

Сенбі күні экс-президент Кучма Украина билігі «ДХР» мен «ЛХР» тарапынан ешқандай талапты қабылдамайтынын мәлімдеген. Сонымен бірге ол қыркүйекте Минскіде жасалған келісім шарттары толық орындалуы тиіс деген Киевтің ұстанымын білдірген.

Донецк облысындағы Углегорск аумағында кескілескен шайқастар жүріп жатқанына бірнеше күн болды. Сенбі күні таңертең украиналық әскерилер қарсы шабуылға шықты. Әсіресе Луганск мен Донецк арасындағы ірі темір жол торабы – Дебальцево маңында күрделі жағдай қалыптасып отыр. Соңғы күндері онда 12 адам мерт болған.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының деректері бойынша, дағдарыс басталғалы бері Донбаста бес мыңнан аса адам қаза тауып, 10 мыңнан астамы жараланған. Өміріне қауіп төнгендіктен мекен-жайларын тастап басқа жаққа кетуге мәжбүр болған адамдар саны бір миллионнан асқан.

XS
SM
MD
LG