Accessibility links

Давыдованы қолдау хатына 25 мыңдай адам қол қойды


Светлана Давыдова мен күйеуі және балалары.

Светлана Давыдова мен күйеуі және балалары.

Ресейде "мемлекетке сатқындық жасады" деген айыппен тұтқындалған 36 жастағы әйел, жеті баланың анасы Светлана Давыдованы қорғаған петицияға 25 мыңға жуық адам қол қойған.

Ресейлік "Эхо Москвы" радиосының хабарлауынша, кампанияны ұйымдастырушылар Ресей президенті Владимир Путинге Давыдоваға қарсы істі жауып, үйінде қалған екі айлық баласының анасымен қайта қауышуына мүмкіндік жасауды сұраған петицияны жөнелтпек.

Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен Павел Астахов радиоға соттан Давыдованың ісін қараған кезде балаларының анасының қамқорлығына мұқтаж екендігін ескеруді сұрайтынын айтқан.

Қаңтардың 21-інде тұтқындалған Смоленск облысындағы Вязьма қаласының тұрғыны Светлана Давыдова содан бері қамауда отыр. Ол "Украина елшілігіне телефон соғып, Украинаға әскер жөнелтілгенін хабарлады" деген күдікке ілінген.

Давыдованың күйеуі Анатолий Горлов әйелі Украинаның Мәскеудегі дипломатиялық өкілдігіне телефон соғып, үйінің қарсы бетінде орналасқан әскери бөлімнің бос қалғанын хабарлағанын айтады. Давыдова "сарбаздарды Украинаға жөнелткен сияқты" деген болжам айтқан.

Киев пен НАТО Мәскеу Шығыс Украинаға қару-жарақ пен әскер жөнелтетініне бұлтартпас дәлел бар дейді. Бірақ Ресей Украина шығысындағы қақтығысқа қатысы барын жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG