Accessibility links

Орақтұмсық жыл құсы деп танылды


Қазақстанның биологиялық әртүрлілікті сақтау ассоциациясы сайтындағы белгі.
Қазақстанның биологиялық әртүрлілікті сақтау ассоциациясы сайтындағы белгі.

Қазақстандық биологиялық әртүрлілікті сақтау ассоциациясы Құстарды қорғау одағымен бірігіп орақтұмсықты Қазақстанның жыл құсы деп таныды. Тек Орталық Азия аймағын ғана мекендейтін бұл құс Қазақстан Қызыл кітабына сирек кездесетін құс түрі ретінде енгізілген.

Ассоциацияның хабарлауынша, орақтұмсық қарғаның көлеміндей ғана болатын, балшықта мекендейтін құс. Оның тұмсығы орақ тәрізді имек келген ашық қызыл түсті, көкірегінде көлденең қара сызығы бар. Орақтұмсық теңіз деңгейінен 2-3 мың метр биіктіктегі таудан ағатын өзен сағаларына ұя салады. Қазақстанда орақтұмсықтың тек бірнеше ондаған жұбы ғана ұялайды.

Биыл тамызда Алматыда өтетін 14-халықаралық Солтүстік Еуразия орнитологиялық конференциясының эмблемасында осы орақтұмсық құсы бейнеленбек.

Ассоциация мен Құстарды қорғау одағы Қазақстанда жыл құсын 2006 жылдан бері таңдап келеді. Жыл құсын таңдаудағы мақсат - халықты жоғалып кету қаупі туған құс түрлері туралы хабардар етіп отыру.

2014 жылы Қазақстанда үйректің сирек кездесетін түрі - ақбас үйрек жыл құсы атанған.

XS
SM
MD
LG