Accessibility links

Adam bol соты кейінге қалғаны ресми хабарланды


Adam bol журналының бас редактоыр Гүлжан Ерғалиева сотта отыр. Алматы, 5 ақпан 2015 жыл.

Adam bol журналының бас редактоыр Гүлжан Ерғалиева сотта отыр. Алматы, 5 ақпан 2015 жыл.

Алматы қалалық сотының судьясы Тұрсын Нәбиев Adam bol журналының иесі ADAMDAR компаниясының шағымы бойынша 5 ақпанға белгіленген апелляциялық сот отырысы 26 ақпанға ауыстырылғанын хабарлады. Судьяның сөзінше, бұған процестегі талапкердің - қалалық ішкі саясат басқармасы өкілінің науқастанып қалғаны себеп болған.

Adam bol журналының бас редакторы, журналды жабуға наразылық білдіріп 18 күн бойы аштық жариялаған Гүлжан Ерғалиева сот отырысына қатысқан. Ол талапкердің сотты кейінге ысыру туралы өтінішімен келіскен.

Апелляциялық сот отырысының кейінге шегерілетіні туралы ақпарат қалалық сот сайтында ақпанның 4-інде шыққан. Бірақ судья Тұрсын Нәбиев бұған дейін бұл ақпарат туралы білмейтінін айтып, ресми шешімді бүгін ғана жария етті.

Гүлжан Ерғалиева ақпанның 4-і күні кешке қарай Facebook-те өзіне қалалық сот хатшысы телефон соғып, сот отырысы 26 ақпанға ауысатынын хабарлағанын жазған. Ерғалиева бұған қоса алда сот өтетінінен "халықаралық бақылаушылар, қоғам өкілдері мен ақпарат құралдары хабардар екенін" сот хатшысына жеткізгенін айтқан.​

Өткен жылдың желтоқсан айында сот Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының талап-арызы бойынша Adam bol журналын жабуға шешім шығарған.

Гүлжан Ерғалиева қаңтардың 19-ында өзі басқаратын Adam bol журналына қатысты "сот заңсыздығы мен қысымға" наразылық білдіріп, аштық жариялап, ол шараны 5 ақпанда тоқтатқан. Ол "соғысты насихаттау белгілер бар" деген негізбен өткен айда журналды жабу туралы шыққан сот шешімін өзгертуді, басылымға салынған айыппұл көлемін азайтуды, редакцияны тінтуге қатысқан сот орындаушыларының әрекетін тексеруді талап еткен. Құқық қорғаушылар "басылымды жабудың саяси астары бар" деп санайды.

XS
SM
MD
LG