Accessibility links

Әйтейліктер жерлеріне үй салуға рұқсат беруді талап етті


Бүгін Алматы іргесіндегі Қарасай ауданына қарайтын Әйтей ауылының ондаған тұрғыны жерлеріне үй салуға рұқсат беруді талап етіп, наразылық танытты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Өзін Уәлихан деп таныстырған ауыл тұрғынының айтуынша, тұрғындар жерлерін осыдан он шақты жыл бұрын "Алтын ұя" деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен сатып алған. "Жерімізге үй салайық десек, бізге тиісті орындар рұқсат етпей отыр. Жеріміздің мемлекеттік актісі бар" дейді тұрғын. Бірақ мемлекеттік актілерінде жер үй салу үшін емес, ауылшаруашылық мақсатта пайдалану үшін берілгені көрсетілген.

Бұдан соң тұрғындар жиналып Қаскелең қаласында тұрғындарға есеп беріп жатқан Қарасай ауданы әкімі Амангелді Дәуренбаевқа барған. Есеп беру жиынынан соң тұрғындармен жолыққан Амангелді Дәуренбаев Әйтей ауылының шетінде 8 сотықтан 500 жер учаскесі бөлінгенін айтады. "Бірақ ол жерлер тек ауыл шаруашылық мақсатта пайдалану үшін берілген. Ол жерге үй салдыра алмаймыз. Себебі әр үйде кем дегенде үш адам тұрады десек, 500 үйде 1500 адам тұрады деген сөз. Үй салған оларға ауыз су жеткізу, жол салып беру, электр қуатын тарту деген сияқты мәселелер туындайды. Бұған облыстық бюджеттен қаражат бөлінбейді. Коммуникация тартылмаған соң халық тағы шулайды. Сондықтан жерге үй салынбайды,-" дейді Дәуренбаев.

Әкім уәжін тыңдаған тұрғындар үйлеріне тарқасты.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG