Accessibility links

Сарыағаш ауданымен байланыс қиындады


Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық картасы.

Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық картасы.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында интернет байланысы жоғалып, мобильдік телефон байланысы да нашарлап кеткеніне жергілікті тұрғындар шағым айтты.

Шымкенттегі «Шығыс» шағын ауданындағы екі интернет-кафеде байланыс жоқтығына куә болған Азаттық тілшісіне ондағы қызметкерлер бұл Сарыағаш ауданындағы бірнеше елдімекенде болған жаппай тәртіпсіздік оқиғаларымен байланысты болуы мүмкін деген болжам айтты. Ақпанның 6-сы күні кештен бастап Шымкентте мобильдік интернет арқылы байланыс та қиындаған еді.

Интернет және телефон байланысындағы ақауға қатысты «Қазақтелеком» және «Билайн» байланыс операторларынан түсініктеме алу мүмкін болмады. Сол сияқты Шымкент қаласындағы кейбір интернет-кафелерге телефон арқылы байланысу қиындық туғызды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бүгін таратқан баспасөз хабарламасында, тәртіпсіздік оқиғасы болған Ынтымақ ауылының тұрғындары және ақсақалдарымен билік өкілдері кездесіп, заңға қайшы іс-әрекеттерге жол бермеу туралы сөйлескені айтылған. Сонымен бірге оқиға болған ауылда криминалдық полиция және тергеу департаментінің өкілдері тергеу амалдарын атқарып жатқаны айтылады.

Сарыағаш ауданының Жартытөбе ауылдық округінде ақпанның 5-інде жаппай тәртіпсіздіктер болып, бірнеше көлік өртеніп, бірқатар тұрғын үйлерге зиян келтірілгені туралы бұған дейін Азаттық сайты хабарлаған. Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасы оқиғаға қатысты Азаттыққа Жартытөбе ауылдық округінде жергілікті қазақтар мен этникалық тәжіктер арасында «түсініспеушілік болғанын» айтқан еді.

Жаппай тәртіпсіздіктерге себеп болған Ынтымақ ауылы тұрғынының қазасына байланысты «адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қылмысқа күдікті Бостандық ауылының тұрғыны іздестіріліп жатқаны хабарланды.

Сарыағаштағы оқиға туралы жұма күні жарияланған Азаттық материалдары Қазақстан аумағынан ашылмай тұр.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG