Accessibility links

Донбастан 4500-ден аса адам эвакуацияланған


Дебальцеводан адамдарды эвакуациялау. Донецк облысы. 4 ақпан 2015 жыл.
Дебальцеводан адамдарды эвакуациялау. Донецк облысы. 4 ақпан 2015 жыл.

Сепаратистер мен үкімет күшерті арасында қарулы ұрыс жүріп жатқан Шығыс Украинада Донецк және Луганск облыстарындағы қалалардан адамдары эвакуациялау жалғасып жатыр. Украина төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, соңғы он күннің ішінде 4500-ден аса адам қауіпті аймақтан шығарылған. Дебальцево мен Авдеевка елдімекендеріне гуманитарлық көмек жіберу жалғасып жатыр.

Өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасы» өкілдері ақпанның 7-сі күні Дебальцеводан эвакуациялау жүргізілмейді деп мәлімдеді. Тұрғындарды қауіпті аймақтан алып шығу үшін жұма күні атысты тоқтату режимі жарияланған еді. Украина қорғаныс министрлігі ол келісім күші сенбіге дейін созылады деп жариялағанымен сепаратистер ол ақпаратты жоққа шығарды.

Өткен түнде Донбаста ұрыстар жалғасты. Украина әскери басшылығының хабарлауынша, Донецк және Луганск облыстарындағы үкімет күштері мен елдімекендерге сепаратистер 30 шақты рет оқ астына алған. Дебальцево елдімекенінде бұрынғысынша ең шиеленісті жағдай қалыптасып отырғаны айтылады.

Украиналық әскерилердің Донбастағы арнайы операциясы баспасөз орталығының хабарлауынша, соңғы тәуліктердегі ұрыстар барысында 50-ге жуық сепаратист қаза тауып, 20-дан астамы жараланған. Үкімет күштері «тек елдімекендерден тыс жерлерде ғана» сепаратистерге жауап ретінде оқ ататындарын айтады.

XS
SM
MD
LG