Accessibility links

Венгрияда билікшіл бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты туындаған жанжал салдарынан елдегі ең ықпалды тұлғалардың бірі және бұрын премьер-министрдің жақын серігі болған медиа алпауыты Лайош Шимичка ақпанның 7-сі күні шетелге кетті деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі.

Осының қарсаңында Шимичканың меншігіндегі газет, радио және телеарналардың алты жетекшісі қызметтен кететіндерін мәлімдеген. Олардың арасында үкіметтің негізгі басылымы саналатын «Мадьяр Немзет» газеті, «Хир ТВ» телеарнасы, «Ланцхид» радиосы және басқалар бар. Өз иелігіндегі БАҚ жетекшілерінің мәлімдемесін баспасөз құралдары хабарынан естіген Шимичка биліктегі «Фидес» партиясын «журналистерді сатып алды» деп айыптаған.

Баспасөзге берген сұхбатында Шимичка бұл оқиғаны «Фидес» партиясы жариялаған соғыс деп атап, «орбанистер» жазасын алатын болады деп мәлімдеген. Сарапшылар бизнесменнің қолында премьер-министр Виктор Орбанға қарсы деректер болуы мүмкін деп топшылайды.

Венгр журналистері «медиа-соғыс» деп атап үлгерген Виктор Орбан мен Лайош Шимичканың арасындағы дау-жанжалдың үдеуіне осы аптада үкіметтің жарнамаға бес пайыздық салық енгізу жайлы жариялаған жоспары түрткі болған. Шимичка ондай салық өз иелігіндегі баспасөз құралдарының шығынын бес пайызға ұлғайтатынын мәлімдеген. HVG басылымы бизнесмен өз қызметкерлеріне үкімет пен премьер-министрді қаттырақ сынауды тапсырған деп жазады.

XS
SM
MD
LG