Accessibility links

Украинада әскерден жалтаруға шақырған журналист қамалды


Дебальцево қаласы маңында бақылау-өткізу бекетінде тұрған украин әскерилері. Украина, 6 ақпан 2015 жыл.

Дебальцево қаласы маңында бақылау-өткізу бекетінде тұрған украин әскерилері. Украина, 6 ақпан 2015 жыл.

Украина билігі интернетке азаматтарды әскерден жалтаруға шақыратын видео жариялаған журналист Руслан Коцабаны "мемлекетке сатқындық жасады" деген айыппен қамауға алды. Иванов-Франковский қаласында тұратын журналисті Украина ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілдері тұтқындаған.

Ұлттық қауіпсіздік қызметінің кеңесшісі Маркян Лубковский Facebook-тегі парақшасында Коцаба "мемлекетке сатқындық жасады" және "тыңшылық етті" деген күдікке ілінгенін хабарлады.

Украинада қаңтардың 20-сында төртінші мәрте мобилизация басталған. Әскерге жарамды делінген 100 мыңға тарта азаматқа шақырту келген. Қаңтардың 17-сі күні Руслан Коцаба әлеуметтік желілерге 12 минуттық видео жариялаған. Онда журналист әскери қызметке қарсылық білдіріп, азаматтарды әскери қызметке бойкот жариялауға шақырған.

Бұған дейін Киев Шығыс Украинада үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер арасында ұрыс жүріп жатқан 10 айда кемінде 1200 сарбаз оққа ұшқаны туралы хабарлаған еді. Украина қорғаныс министрлігінің дерегінше, елде армиядан жалтаруға қатысты 1300-ден астам қылмыстық іс қозғалған.

XS
SM
MD
LG