Accessibility links

Лондонда пайғамбар карикатурасына қарсылық білдірді


Charlie Hebdo журналында Мұхаммед пайғамбардың карикатурасы жариялануына қарсылық акциясы. (Көрнекі сурет)
Charlie Hebdo журналында Мұхаммед пайғамбардың карикатурасы жариялануына қарсылық акциясы. (Көрнекі сурет)

Ұлыбританияда тұратын мыңдаған мұсылман ақпанның 8-і күні Лондонның орталығындағы премьер-министр резиденциясы маңында француздық Charlie Hebdo журналының Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын салғанына наразылық білдірді.

Наразылар премьер-министр резиденциясы орналасқан Даунинг Стрит көшесімен қолдарына "Біз Мұхаммед пайғамбарды өмірімізден де жақсы көреміз", "Кемсіту мен тіл тигізу - еркіндік емес" деген жазулары бар плакаттар ұстап шеру жасап өтті.

Акцияға шыққан мұсылмандар өкілдері премьер-министр Дэвид Кэмеронның кеңсесіне 100 мыңға тарта адамның қолы қойылған петиция тапсырды. Онда Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын салу -"өркениетті қоғам талаптарын аяққа таптау" болып табылатыны жазылған.

Мұсылмандармен бір мезгілде резиденцияның келесі жағында әсіре оңшыл шағын топ та наразылық танытты. Мұсылмандарға қарсы шағын топ Біріккен корольдік туы мен "Британия бірінші: елімізді өзімізге қайтарыңдар" деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты.

Қаңтардың басында Парижде Мұхаммед пайғамбар карикатурасын басып шығарған сатиралық Charlie Hebdo журналына жасалған шабуыл мен одан кейінгі операцияларда 17 адам қаза тапқан еді. Шабуылдан соң, қаңтардың 14-індегі санында Charlie Hebdo тағы да пайғамбар карикатурасын шығарған. Лондондықтар журналдың ол санын сатып алуға кезекке тұрған.

XS
SM
MD
LG