Accessibility links

Әкімдік: Сарыағаштағы жағдай тұрақты


Сарыағаш ауданындағы қазақ-өзбек шекарасындағы бағандар. Оңтүстік Қазақстан облысы. (Көрнекі сурет)

Сарыағаш ауданындағы қазақ-өзбек шекарасындағы бағандар. Оңтүстік Қазақстан облысы. (Көрнекі сурет)

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі бүгін Сарыағаш ауданында соңғы күндерде болған оқиғаларға қатысты жағдай тұрақтанды деп хабарлады.

Ақпанның 5-і мен 6-сы күндері Сарыағаш ауданындағы бірнеше ауылда этникалық тәжіктерге тиесілі болуы мүмкін оннан астам көлік пен үй өртеніп, он шақты көліктің қирағаны туралы бұған дейін Азаттыққа оқиға куәгерлері айтқан еді. Билік жанжал болған ауылдарға полиция жасағы енгізіліп, жағдайды бақылау алғанын мәлімдеген. Ресми ақпаратта Сарыағаш ауданында болған тәртіпсіздіктер кезінде құрбан болғандар жоқ деп хабарланды.

Сарыағаштағы тәртіпсіздіктерге себеп болған Ынтымақ ауылындағы адам өлтіру қылмысына қатысты күдікті Өзбекстан аумағында ұсталып, ақпанның 7-сі күні Қазақстанға экстрадицияланғаны туралы полиция сол күні ресми ақпарат таратқан.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, жергілікті тәжік диаспорасының ақсақалдары мен жастары марқұмның үйіне барып кешірім сұраған.

Құрамында жергілікті билік өкілдері, ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдерінен құралған топтар кісі өліміне наразылық білдірген ауыл жастары арасында, ауылдардағы тұрғындарға "түсіндіру жұмыстарын жүргізген", аудандағы барлық мектептер мен қоғамдық орындарда кездесулер өткізген.

Облыс әкімдігі кісі өліміне қатысты қылмыстық іспен ішкі істер министрлігінің арнайы тергеу тобы айналысып жатқанын айтады.

Оңтүстік Қазақстандағы тәртіпсіздіктер жайлы Азаттық сайтында жұма күні қазақ және орыс тілдерінде жарияланған «Сарыағаштағы оқиғаны «түсініспеушілік» деп атады» мақаласы мен жаңалықтар Қазақстан аумағынан ашылмай қалды. Бұғауланған мақалалар мен жаңалықтар мәтінін Азаттықтың Facebook парақшасынан оқуға болады.

XS
SM
MD
LG