Accessibility links

Минскіде бірлескен декларация бекітілуі мүмкін


Минск келіссөзіне қатысушы Украина, Ресей, Германия мен Франция жетекшілері. 11 ақпан 2015 жыл

Минск келіссөзіне қатысушы Украина, Ресей, Германия мен Франция жетекшілері. 11 ақпан 2015 жыл

Шығыс Украинадағы қарулы қақтығысты тоқтату туралы Минск келіссөзі түн ортасы ауғанша әлі жалғасып жатыр.

Украиналық делегацияның Reuters агенттігіне хабарлауынша, Минскіде өтіп жатқан Украина, Ресей, Германия және Франция жетекшілерінің келіссөзінен соң Украинаның территориялық тұтастығына кепілдік беретін бірлескен декларацияға қол қойылуы мүмкін.

Ақпарат көзінің мәлімдеуінше, бұл декларацияны Украина, Ресей мен ЕҚЫҰ үшеуінің байланыс топтары әзірлеп жатыр. Құжат былтыр қыркүйекте Минскіде жасалған келіссөз шарттарын орындау туралы міндеттемелерден тұрады.

Батыс дипломаттарының сөзінше, сәрсенбі кешкісін басталған келіссөз кезінде қарсы тараптар негізгі мәселелерге қатысты илікпей отыр. Украина президенті Петр Порошенко келіссөз алдында бұл жолғы Минск кездесуінде бітім жасалмаса, елді соғыс жағдайында деп жариялайтынын айтқан.

Минскіде келіссөз жүріп жатқан күні Украинаның шығысында ел әскері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы қарулы қақтығыс толастамай бірнеше адам оққа ұшты. Донецкідегі ауруханалардың біріне тағы снаряд тигені хабарланды.

Былтырғы көктемде Ресей Қырымды аннексиялап алған соң Украинаның шығысында қарулы сепаратистер бас көтеріп, бүгінге дейін Донецк және Луганск облыстарында соғыс жүріп жатыр. Осы қақтығыс кезінде өлгендер саны 5 мыңнан асып кетті.

2014 жылғы қыркүйекте Украина мен Ресей өкілдері Минскіде оқ атуды тоқтату туралы келісімге қол қойған. Бірақ соңғы айларда жағдай ушыға түскесін өткен аптада Германия мен Франция Ресей мен Украинаға жанжалды реттеу бойынша жаңа ұсыныс жасаған.

XS
SM
MD
LG