Accessibility links

Луганскіде қаза тапқандар бар


Луганск облысындағы украин әскері. Украина, 28 қаңтар 205 жыл.

Луганск облысындағы украин әскері. Украина, 28 қаңтар 205 жыл.

Украина шығысында ақпанның 13-іне қараған түні Луганск қаласы артиллериядан атқыланды. УНИАН агенттігінің хабарлауынша, шабуылдан бірнеше адам құрбан болған.

Қаланың шығыс жағына түскен снарядтардан кемінде үш адам қаза тауып, сүт зауыты мен бірнеше тұрғын үй зақымданды. Бұрынғы "Колос" базарының маңы да атқыланып, адам шығын болған. Бірақ нақты қанша адам мерт болғаны әзірге белгісіз.

Атқылаудан соң қаланың шығыс бөлігінде бірнеше сағатқа электр қуаты ажыраған.

Сепаратистер бақылауындағы Луганск билігі шабуылды "украин әскері жасады" деп мәлімдеді. Қаланың бірнеше кварталында газ құбырлары бүлінген.

"Интерфакс" агенттігінің Луганск ақпараттық орталығына сілтеме жасап хабарлауынша, 13 ақпанға қараған түні Фрунзе селосы да атқыланған.

Украин әскерилері Дебальцево қаласында сепаратистер шабуылына тойтарыс беріп жатыр. Украина ішкі істер министрі кеңесшісі Зорян Шкиряктің Facebook-те жазуынша, қала қоршауға алынбаған.

Шығыс Украинадағы арнайы операция баспасөз орталығының хабарлауынша, кеше ресейшіл сепаратистер украин әскері позицияларын артиллериядан, "Град" артиллериялық кешенінен, минометтер мен танкіден 70 рет атқылаған.

Украиналық "Азов" полкінің Facebook-тегі парақшасында Донецк облысы Волноваха ауданы ауданының Широкино елді мекенінде ұрыс болғаны хабарланды. Полк сепаратистер шабуылына тойтарыс берілгенін, сепаратистер біраз шығынға ұшырап, кері шегінгенін айтады.

XS
SM
MD
LG