Accessibility links

Назарбаев пен Меркель Минск кездесуі жайлы сөйлесті


Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Ангела Меркель.

Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Ангела Меркель.

Жұма күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Германия канцлері Ангела Меркельмен телефон арқылы сөйлесті деп хабарлады Ақорда сайты.

Екі басшы осы аптада Беларусь астанасында Германия, Франция, Украина және Ресей басшыларының қатысуымен «норманд форматында» өткен келіссөздерінің қорытындысы туралы пікір алмасқан. Назарбаев Минск кездесуінің табысты аяқталуына канцлердің қомақты үлес қосқанын атап өткен.

«Ангела Меркель Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақтығысты бейбіт реттеу үдерісін ілгерілетудегі Нұрсұлтан Назарбаевтың күш-жігерінің маңыздылығына тоқталды және «норманд төрттігінің» кездесуін Астанада өткізу мүмкіндігін атай отырып, осы маңызды жұмысты жалғастыруды өтінді» делінген ресми ақпаратта. Телефон әңгімесі Германия жағының бастамасы бойынша өтті деп хабарлады Ақорда.

Ақпанның 12-і күні Минскіде Германия, Украина, Франция және Ресей басшылары бірнеше сағатқа созылған келіссөз нәтижесінде Шығыс Украинадағы қақтығысты тоқтатуға уағдаласқан.

Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, қақтығысты тоқтату келісімі 15 ақпаннан бастап күшіне енеді. Келісім бойынша, қақтығыс аймағынан ауыр қару-жарақ әкетіліп, 50 километрлік аралық зона құрылады. Украина президенті Петр Порошенко қақтығыс аймағынан ауыр әскери техника мен қару-жарақты әкету бітім шарты күшіне енгеннен екі күннен соң басталатынын мәлімдеген. Ол келісім бойынша Украина территориясынан барлық шетелдік әскер шығарылатынын, үш апта ішінде кепілге алынған тұтқындардың бәрі босатылатынын, украин шекарашылары 2015 жылдың соңына қарай Украина мен Ресей шекарасына қайта бақылау орната бастайтынын айтқан.

XS
SM
MD
LG