Accessibility links

ХОК бағалау комиссиясы Алматыда жүр


Алматыдағы шаңғымен секіруге арналған трамплин. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы шаңғымен секіруге арналған трамплин. (Көрнекі сурет)

Ақпанның 14-і күні халықаралық олимпиада комитетінің бағалау комиссиясы Алматыдағы спорт нысандарын аралап көруді бастады. Алматы – 2022 жылғы қысқы олимпиада өтуі мүмкін үміткер қалалардың бірі. Егер олимпиада өткізу құқығын Алматы жеңіп алса, онда халықаралық олимпиада комитеті тарапынан қолдау ретінде шамамен 880 миллион АҚШ доллары бөлінеді.

Спорт нысандарын халықаралық олимпиада комитетінің бағалау комиссиясымен бірге ақпарат құралдарының өкілдері де аралаған, бірақ оларға комиссия мүшелерімен кездесуге мүмкіндік берілмеді.

БАҚ-қа арналған брифингте Қазақстанның олимпиада комитетінің өкілі Андрей Крюков «Бағалау комиссиясы қандай мәселелерді атап өтті?» деген сұраққа: «(Спорт нысандарының – ред.) беріктігіне қатысты мәселелер болған. Алайда бағалау комиссиясы біздің берген жауаптарымызға қанағаттанды деп ойлаймын. Концепция бойынша, сонымен бірге нысандар бойынша сұрақтар болды» деп жауап берді.

Ол қысқы олимпиадаға дайындыққа бюджеттен қанша қаражат жұмсалатынын нақты атамады, тек оның соңғы өткен төрт олимпиададан әлдеқайда арзанырақ болатынын айтты.

Бағалау комиссияның жұмысы әлі бірнеше күнге жалғасады. Комиссия жасаған қорытындысы кейін халықаралық олимпиада комитетіне жолданады.

2022 жылғы XXIV қысқы олимпиада мен XIII параолимпиада ойындары өтетін қала 2015 жылы 31 шілдеде Куала-Лумпур қаласында халықаралық олимпиада комитетінің сессиясында жабық түрде дауыс беру нәтижесінде анықталады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG