Accessibility links

Украина бойынша байланыс тобы кеңес өткізді


Минскіде үшжақты байланыс тобы қабылдаған құжаттағы қолдар. 12 ақпан 2015 жыл.

Минскіде үшжақты байланыс тобы қабылдаған құжаттағы қолдар. 12 ақпан 2015 жыл.

Украина, Ресей және Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) өкілдерінің үшжақты байланыс тобы ақпанның 14-і күні Украинаның Донецк және Луганск облыстарының бірқатар аудандарының өкілдерімен кеңесулер өткізген. Онда ақпанның 11-і мен 12-і күндері Минскіде Германия, Франция, Украина және Ресей басшыларының саммитінде жасалған келісімді орындау шаралары талқыланған. Бұл туралы ақпарат ЕҚЫҰ сайтында жарияланды.

Телеконференция түрінде өткен кеңесулерде ең басты мәселе – ақпанның 15-інде Киев уақытымен сағат 00:00-ден бастап атысты тоқтату қажеттігі айтылған.

ЕҚЫҰ ақпаратында сенбі күнгі кеңесулерге қатысушы барлық тараптардың қарулы тайталасты тезірек ауыздықтап, әсіресе соңғы күндері кескілескен шайқастар жүрген Дебальцево мен Мариуполь қалаларын төңірегіндегі ахуалды бейбіт арнаға келтіру үшін қажетті нәрсенің барлығын жасауға келіскені туралы айтылған.

Үшжақты байланыс тобы былтыр қыркүйектің 5-і мен 19-ы күндері Минскіде жасалған келісім шарттары толық орындалғанша Донецк және Луганск облыстарының кейбір аудандарының өкілдерімен алдағы уақытта да байланыста болатынын мәлімдеген. Былтырғы қыркүйектегі келісім бойынша, әуелі жанжал аймағында атысты доғару, кейін 12 баптан тұратын меморандум қабылданған. Меморандумда қарсылас тараптар әскери күшін ұрыс жүріп жатқан жерден аулаққа әкетуге және ол жердегі ахуалды ЕҚЫҰ өкілдері бақылайтын болып келіскен.

XS
SM
MD
LG