Accessibility links

Киев: Донбаста жағдай тұрақталып келеді


Дебальцевоға бара жатқан Украина әскери техникалар колоннасы. Донецк облысы, 14 ақпан 2015 жыл.

Дебальцевоға бара жатқан Украина әскери техникалар колоннасы. Донецк облысы, 14 ақпан 2015 жыл.

Егер сепаратистер Донбаста соғыс аймағындағы сызық бойынан ауыр қару-жарағын әкетсе, Украинаның үкімет күштері де сондай қару-жарақ түрлерін ол маңнан алып кетеді деп мәлімдеді Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің өкілі Андрей Лысенко. Оның сөзінше, жалпы алғанда Донбастағы жағдай тұрақталып келеді.

Украина қарулы күштерінің бас штабы кең көлемді әскери іс-қимылдарды қайта жандандыруға және Украина территориясында әскери жағдай жариялауға әзірше негіз жоқ деп мәлімдеді. Украина армиясының өкілі Владислав Селезнев өткен түні сепаратистер тарапынан «арандату үшін» оқ атылғанын, бірақ украиналық әскерилер зардап шекпегенін айтады.

Бүгін атыстар Дебальцево тұсында болды. Өзін өзі жариялап алған «Донецк халық республикасының» өкілі Эдуард Басурин сепаратистер «өз жері болғандықтан», атысты тоқтату туралы жасалған келісімге қарамастан «Дебальцевоны атқылай беретіні» туралы мәлімдеген.

Бүгін Луганск облысындағы Попасная кентін атқылау кезінде екі жергілікті тұрғын мерт болды деп хабарлаған облыс губернаторы Геннадий Москаль.

Донбаста атысты тоқтату туралы келісім ақпанның 15-і Киев уақытымен сағат 00:00-ден бастап күшіне енген. Оның алдында Украина президенті Петр Порошенко егер дағдарыс аймағында бітім туралы келісім орындалмаса, онда бүкіл ел аумағында әскери жағдай жариялануы мүмкін деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG