Accessibility links

"Нұр Отан": Президент сайлауы мерзімінен бұрын өткені жөн


Астанадағы "Нұр Отан" партиясының орталық аппараты. (Көрнекі сурет)

Астанадағы "Нұр Отан" партиясының орталық аппараты. (Көрнекі сурет)

Биліктегі "Нұр Отан" партиясы Қазақстанда мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді қолдап бүгін мәлімдеме жасады.

Ақпанның 14-інде Астанада Қазақстан халқы ассамбелясының кеңесінде осы ұйым төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді ұсынған.

Партияның ресми сайтының хабарлауынша, "Нұр Отанның" саяси кеңесі бюросы ақпанның 16-сы күні ассамблея ұсынысына қатысты жиын өткізген.

"Нұр Отан" партиясы елдегі жетекші саяси күш ретінде бастаманы толығымен қолдайды. Бүгінде әлемде қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны басталып келеді. Жағдай геосаяси шиеленістермен де шиеленісіп барады" делінген партия мәлімдемесінде. Партия ассамблея ұсынысын "мемлекет пен халықтың мүддесіне сай келетін ең дұрыс шешім" деп атаған.

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков елде мерзімінен бұрын президент сайлауын биыл "жақын уақытта" өткізуді ұсынған.

Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып отырған президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы болып табылады. Елде кезекті президент сайлауы 2016 жылы өтуі тиіс. Қазақстан Конституциясы бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлауға түсуіне шектеу қойылмаған.

XS
SM
MD
LG