Accessibility links

Ыдырысов: Украина жайлы келісім бұзылуы мүмкін


Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.

Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.

"Украинадағы бейбітшілікті қолдау туралы келісім бұзылуы мүмкін" деп санайды Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. Бүгін Астанада парламентте сөйлеген Ыдырысов Қазақстан Украинадағы қақтығысты реттеуде арағайын болудан үмітті екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев желтоқсан айының соңында Украина дағдарысына қатысты бірнеше рет сапарға шығып, дағдарыстың шешілуіне ықпал етуге тырысқан.

- Қаңтар бойы біз "норманд төрттігінің" кездесуі болады деп күттік. Әуелде кездесу Мәскеуде, кейін Астанада болады дедік. Бірақ ол техникалық себептерге байланысты мұнда өтпеді. Дегенмен, Германия канцлері Ангела Меркельдің телефон шалуы, бірер күн бұрын Украина президентімен және Ресей президентімен екі рет телефонмен сөйлесуі біздің маңызды рөл атқарып отырғанымызды тағы бір көрсетеді. Іс жүзінде, Минск процесін біздің президентіміз жандандырған. Жағдай өте күрделі екеніне қарамастан, енді келісім қолдау табатынынан үміттенеміз. Біз қақтығысқа қатысты мемлекеттердің басты мәселелер бойынша ұстанымдары бір-бірінен мүлде алшақ жатқанын саралап, көріп отырмыз, - деді Ерлан Ыдырысов.

Сыртқы істер министрінің сөзінше, Украинадағы дағдарысты реттеуде Қазақстан "Еуропа Одағы мен Еуразия экономикалық одағы арасында диалог орнату" туралы жаңа идея тастаған. Ыдырысов Ресей мен батыстың текетіресі Қазақстанның "жанына бататынын" айтқан.

Минскіде ақпанның 11-12 күндері Германия, Франция, Украина және Ресей басшылары кездесіп, Донбаста ақпанның 15-інен бастап атысты тоқтату туралы жаңа келісім жасасқан.

XS
SM
MD
LG