Accessibility links

Мәскеу мэриясына марш өткізілетіні ескертілді


Ресейлік оппозицияшыл саясаткер Алексей Навальный.
Ресейлік оппозицияшыл саясаткер Алексей Навальный.

Ресейдегі дағдарысқа қарсы "Весна" маршын ұйымдастырушылар бүгін Мәскеу мэриясына наурыздың 1-і күні акция өткізетіндерін ескертіп хат тапсырды.

Шеруге шығатындар Мәскеудің Тверский көшесі бойымен жүріп өтуді жоспарлап отыр. Оппозициялық "Солидарность" қозғалысының өкілі Сергей Давидистің "Интерфакс" агенттігіне хабарлауынша, хатта акцияға жүз мың адамға дейін қатысатыны айтылған.

Мәскеу мэриясы заң бойынша өтінішті үш күн ішінде қарап, жауап беруі тиіс.

Ақпанның 2-і күні оппозиция Мәскеу басшылығын наурыздың 1-інде қала орталығында мыңдаған адам қатысатын марш өткізетінінен хабардар еткен. Билікті ескерткен хатқа Алексей Навальный, Александр Рыклин, Борис Немцов, Михаил Касьянов, ЮКОС компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский қол қойған.

Акцияға қатысушылар негізінен Украинаға қарсы басқыншылықты тоқтатуды, коррупциялық істерді тергеуді, азық-түлік эмбаргосын жоюды, бюджетті орталықсыздандыруды, медицинаға бөлінетін қаржыны көбейтіп, қорғаныс шығындарын азайтуды талап етеді.

Ақпанның 15-і күні Мәскеу метросында полиция маршқа қатысуға үгіттейтін материалдар таратып жүрген оппозициялық саясаткер Алексей Навальный мен оның жақтастарын бірнеше сағат ұстаған. Полиция олардан метроның "Сухаревская", "Таганская" және "Краснопресненская" станцияларына қойған алдағы акция жайлы ақпараттық тақталарын алып тастауды талап еткен.

XS
SM
MD
LG