Accessibility links

Ресей: 300 мың украиналық босқын мәртебесін сұрады


Ресейдің Ростов облысындағы украин босқындары лагерінде тұрып жатқан адамдар. (Көрнекі сурет)
Ресейдің Ростов облысындағы украин босқындары лагерінде тұрып жатқан адамдар. (Көрнекі сурет)

Ресей федералдық миграциялық қызметінің дерегі бойынша, 300 мыңға тарта украиналық Ресейден уақытша баспана немесе босқын мәртебесін беруді сұраған.

Ведомствоның азаматтық мәселелер жөніндегі бөлімінің басшысы Валентина Казакованың айтуына қарағанда, Ресейде Украинаның 260 мыңнан аса азаматы осы кезге дейін уақытша баспана мен саяси босқын мәртебесін алып үлгірген. Бірақ бұл ақпарат әзірге басқа дерек көздерінен анықталмай тұр. Ресми Киев Ресей федералдық миграция қызметінің ақпаратына қатысты түсінік бермеді.

Казакова Ресейде қазір Шығыс Украинадағы үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы қақтығыстан бас сауғалаған 900 мыңнан астам адам барын айтады. Оның сөзінше, 2014 жылы 70 мыңға жуық адам Ресей азаматтығын алуға өтініш берген.

Бірақ Казакова Украина экс-президенті Виктор Янукович Ресей азаматтығын алуға құжаттарын тапсырды ма деген сұраққа жауап беруден бас тартты. Ол жеке адамдар жайлы ақпаратты олардың келісімінсіз жариялай алмайтынын айтады.

Украинада өзі басқарған билікке қарсы халық толқулары басталған соң елден қашқан Янукович 2014 жылдың ақпанынан бері Ресейде тұрып жатыр.

XS
SM
MD
LG