Accessibility links

БАҚ басшылары ADAM bol-ға араша сұрады


ADAM bol журналының 2014 жылғы тамыздың 28-індегі санының мұқабасы.
ADAM bol журналының 2014 жылғы тамыздың 28-індегі санының мұқабасы.

Бүгін Алматыда бірнеше тәуелсіз басылымның бас редакторлары оппозициялық ADAM bol журналына араша сұрап, Жоғарғы Сот басшысына үндеу жолдады.

Жиынға "Общественная позиция" газетінің бас редакторы Ермұрат Бәпи, "Аңыз Адам" журналы редакторы Жарылқап Қалыбай, "Новая газета. Казахстан" басылымы редакторы Александр Краснер, "Накануне.кз" интернет жобасының редакторы Оксана Макушина, "Трибуна: Ашық Алаң" басылымы редакторы Жанболат Мамай және "Жас Алаш" басылымы бас редакторы Рысбек Сәрсенбай қатысты.

Редакторлар ADAM bol басылымының сот шешімімен жабылып, журнал мен оның иесіне қатысты қудалау күшейгенін айыптап, Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмиге хат жолдады. Хатта редакторлар ақпанның 26-сына шегерілген Adam bol журналының иесі ADAMDAR компаниясының шағымы бойынша апелляциялық соттың әділ өтуін талап еткен.

Хат авторлары тәуелсіз БАҚ-қа қатысты саяси істерде соттардың "саяси тапсырыс орындаушы" органға айналып бара жатқанын ескере отырып, бұдан былай әділеттілік жолында бірігу қажеттігіне көз жеткізгендерін айтқан. Бүгінгі жиында БАҚ басшылары Қазақстанда сөз бостандығын қорғайтын жаңа қозғалысқа бірігетіндерін мәлімдеді.

Алматы соты былтыр желтоқсанда Алматы қалалық ішкі саясат басқармасы талап-арызы бойынша оппозициялық ADAM bol журналын жабуға үкім шығарған. Басқарма журналдың бұған дейінгі санында жарияланған мақалада "соғысты насихаттау белгілері" бар деп, журналды жабуды және лицензиясын қайтарып алуды талап еткен. Кейін журналдың бас редакторы Гүлжан Ерғалиева сот шешіміне наразылық білдіріп, қаңтардың 19-ынан ақпанның 5-іне дейін - 18 күн аштық ұстаған.

Құқық қорғаушылар "басылымды жабудың саяси астары бар" деп санайды. Билік онымен келіспейді.

XS
SM
MD
LG