Accessibility links

Берлин, Киев пен Мәскеу ЕҚЫҰ миссиясы жайлы келісті


Дебальцево қаласы маңында жүрген сепаратистер. Украина, 16 ақпан 2015 жыл.

Дебальцево қаласы маңында жүрген сепаратистер. Украина, 16 ақпан 2015 жыл.

Ресей, Украина және Германия жетекшілері ЕҚЫҰ бақылаушыларын Шығыс Украинадағы қақтығысты тоқтату келісімінің орындалу барысына бақылау жасауына жағдай тудыру туралы "нақты шаралар атқаруға" келіскен. Бұл туралы бүгін ресми Берлин өкілі хабарлады.

Германия канцлерінің баспасөз хатшысы Штеффен Зайберт канцлер Ангела Меркель мен Украина президенті Петр Порошенко ақпанның 16-сында телефон арқылы Ресей президенті Владимир Путинді "сепаратистердің атысты тоқтатуына ықпал етуге шақырғанын" айтады.

Зайберттің сөзінше, қақтығыс аймақтарынан ауыр әскери техниканы әкету соңғы жасалған Минск келісіміне сай ақпанның 17-сінде басталуы тиіс.

Киев әзірге қоршаудағы Дебальцево қаласы маңындағы шайқастар тоқтамайынша ауыр қару-жарағын әкетпейтінін мәлімдеді. Ал ресейшіл сепаратистер "Минск келісімінде Дебальцевоға қатысты шарттар қарастырылмаған" дейді.

ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясының басшысы Александр Хуг Краматорск қаласында өткен жиында бүгін Дебальцево қаласына бармақ ниетте екенін хабарлаған. Бақылаушылар бұған дейін сепаратистер өздерін қалаға кіргізбей қойды деп мәлімдеген.

Украина үкіметі бітім күшіне енген ақпанның 15-інен бастап сепаратистер үкімет әскері позицияларын 110 рет атқылағанын айтады.

XS
SM
MD
LG