Accessibility links

Кассациялық сот Евлоевтың шағымын қанағаттандырмады


Олег Евлоев сотта отыр. Астана, 31 наурыз 2009 жыл.

Олег Евлоев сотта отыр. Астана, 31 наурыз 2009 жыл.

Астана қалалық соты бүгін түрмеде жазасын өтеп жатқан Олег Евлоевтың өзін полицейлер азаптағаны үшін қалалық ішкі істер департаментінен моральдық өтемақы өндіріп беруді сұраған өтініші бойынша шығарылған шешімге кассациялық шағымын қанағаттандырудан бас тартты.

Өткен жылдың ақпан айында БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті тергеу кезінде Евлоев азапталды деп таныған. Бірақ БҰҰ-ның бұл шешімін Астана соттары мойындаудан бас тартып отыр.

Евлоевтың адвокаты Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, сот "қарсы тарап ұсынған айғақтардан Астана қалалық ішкі істер органдарының шағымданушы Евлоевтың құқықтарын, еркіндігі мен заңды мүддесін бұзғаны анықталмады" дейді. Бірақ ол соттың алғашқы инстанциясында Евлоевтың азапталғанына айғақ ретінде БҰҰ комитетінің шешімі көрсетілгенін айтады.

- Евлоев уақытша қамау изоляторында 60 күн болды. Ал заң бойынша ол ұсталған күнінен бастап қамауда үш тәуліктен артық болмауы тиіс. Алпыс күн бойы оған тергеуде рұқсат етілмеген әдістер қолданылды. Оны ұрып-соққан, суық күнде тыр жалаңаш шешіндіріп, далаға шығарған. Тырнағының асты мен басқа да жерлеріне ыстық шеге сұққан, - дейді Нұрлан Бейсекеев.

Астана қалалық соты Евлоевтың кассациялық шағымын бірнеше минут қана қараған. Шағымданушы жаққа сотта сөйлеуге және өз уәждерін айтуға мүмкіндік берілмеген.

Астана тұрғыны Олег Евлоев 2009 жылы кәсіпкер Марат Есемсейітовтің әйелі мен кішкентай үш баласын өлтірді деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Евлоев өзінің қылмысқа қатысы жоғын дәлелдейтін айғақ барын айтып, өзіне қарсы істі қолдан жасалған дейді.

XS
SM
MD
LG