Accessibility links

Иракта ИМ 45 адамды тірідей өртегені хабарланды


"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының туын ұстаған адам. (Көрнекі сурет)

"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының туын ұстаған адам. (Көрнекі сурет)

Ирак полициясы елдің батысындағы әл-Бағдади қаласында "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының содырлары 45 адамды тірідей өртеп жіберді деп хабарлады.

Жергілікті полиция басшысы, полковник Касим әл-Обейдидің айтуынша, содырлар адамдарды қандай себеппен өртегені белгісіз, құрбандардың арасында қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері де болған.

Полиция басшысы қауіпсіздік күштері қызметкерлері мен жергілікті шенеуніктер отбасы тұратын ауданға шабуыл жасалып жатқанын айтып, үкімет пен халықаралық қауымдастықтан көмек сұраған.

Қақтығыс пен аймақтағы байланыстың нашарлығынан 45 адамның құрбан болғаны туралы ақпаратты әзірге басқа дереккөздерінен анықтау мүмкін болмай отыр.

"Ислам мемлекеті" тобы Иракта өткен аптада Айн әл-Асад әуе базасына жақын әл-Бағдади қаласының көпшілік бөлігін басып алған. Бұдан соң содырлар ақпанның 13-інде әуе базасына шабуылдаған. Бірақ Ирак әскері шабуылға тойтарыс берген. АҚШ пен Ирак әскерилерінің хабарлауынша, шабуылда сегіз содыр мерт болған.

Айн әл-Асад әскери базасында 300-дей америкалық әскери қызметкер Ирак әскерін жаттықтырып жатыр.

Ақпан айының басында "Ислам мемлекеті" тобы былтыр желтоқсанда Сирияда ұшақ апатында қолға түскен иорданиялық ұшқышты тірідей өртегені жайлы видео таратқан.

XS
SM
MD
LG