Accessibility links

ЕҚЫҰ: Дебальцевода шайқас дереу тоқтатылсын


Дебальцево маңындағы ресейшіл сепаратистер. Донецк облысы, 16 ақпан 2015 жыл.

Дебальцево маңындағы ресейшіл сепаратистер. Донецк облысы, 16 ақпан 2015 жыл.

Украинаның шығысындағы Дебальцево ауданындағы ұрыстар дерек тоқтатылуы керек деп мәлімдеді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) арнайы мониторингтік комиссиясының басшысы Ертугрул Апакан. Мәлімдеме мәтіні ЕҚЫҰ сайтында жарияланған.

Бақылаушылар өздерін Дебальцевоға еш кедергісіз кіргізуді сұрайды, бірақ қарсылас тараптардың ешқайсысы олардың қауіпсіздігіне кепілдік берген жоқ. Апакан сепаратистерді әскери іс-қимылдарды жалғастырып отыр деп айыптап, егер сепаратистер ЕҚЫҰ өкілдерін бүгін Дебальцевоға кіргізбесе, олар үшін «салдары ауыр» болады деп мәлімдеген.

Украина президенті Петр Порошенко Дебальцеводағы жағдайды «Минск келісімдерін арсыздықпен аяқасты ету» деп атады. БҰҰ-дағы Украинаның тұрақты өкілі Юрий Сергеев Минск келісімдерін орындамады және сепаратистерге қолдау көрсетіп отыр деп Ресейді тағы да айыптады. Ол сепаратистер енді Харьковке шабуылдауға дайындалып жатыр деп мәлімдеген. Кеше Украина президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Валерий Чалый Киев Донбастағы бейбітшілікті бұзу әрекеттеріне жауап дайындап жатыр деп мәлімдеген. «Ертең сіздер барынша айқын шараларды көресіздер» деген ол.

Ресей президенті Владимир Путин Киевті «Дебальцевода қоршауда қалған адамдардың өмірін құтқаруға» және қоршауда қалған украиналық әскерилерді қаруын тастап, қарсыласына берілген жағдайда оларды қудаламауға шақырған. Ресей президенті сепаратистерді украиналық әскерилерді отбасыларына аман-есен жіберуге үндеген.

Дебальцево маңыда ауыр шайқастар жалғасып жатыр. Сепаратистер өз ақпараттық ресурстарында қаланың көп бөлігін, соның ішінде вокзал мен қалалық милиция бөлімін бақылауға алғанын хабарлаған. Украина қорғаныс министрлігі бір топ украиналық әскерилердің тұтқынға түскені туралы хабарлаған.

Дебальцево үшін шайқастар барысында украиналық әскерилердің үлкен шығынға ұшырағаны туралы еріктілер де айтады деп хабарлады УНИАН сайты. Украинаның шығысындағы арнайы операциялар штабы әзірше бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген жоқ.

XS
SM
MD
LG