Accessibility links

Порошенко: Әскер Дебальцеводан кетіп жатыр


Дебальцево маңынан кетіп бара жатқан украин әскері. Украина, 18 ақпан 2015 жыл.
Дебальцево маңынан кетіп бара жатқан украин әскері. Украина, 18 ақпан 2015 жыл.

Украина президенті Петр Порошенко елдің шығысындағы Дебальцево қаласы мен оның маңынан украин әскерін "жоспарлы және ұйымдасқан түрде әкету" операциясы аяқталып қалғанын хабарлады.

Мұның алдында "Донбасс" батальонының командирі, Жоғарғы Рада депутаты Семен Семенович украин әскері қоршаудағы Дебальцеводан кете бастағанын хабарлаған. Семенович бұл жайында Facebook-тегі парағында "барлығы жоспарлы, ұйымдасқан түрде жүріп жатыр" деп жазған. Оның сөзіне қарағанда, украин әскері Дебальцево-Артемовск тас жолынан өзге қалаға кіретін барлық жолды бақылауда ұстап тұр.

"Донбасс" батальоны командирі сепаратистер жолдарды жабуға әрекет етіп, украин әскерінің кетуіне кедергі жасап жатыр дейді. Оның айтуына қарағанда, ұрыста "Град" және "Ураган" әскери артиллериялық кешендері, зеңбіректер, минометтер мен танктер қолданылып жатыр.

Ал Шығыс Украинадағы арнайы операция штабы Дебальцево қаласы үшін ұрыс жүріп жатқанын хабарлады. Украина қорғаныс министрлігінің хабарламасында өткен тәулікте сепаратистер Дебальцево бағытына қарай "Град" артиллериялық кешенінен бес рет соққы жасап, теміржолдарды, қалаға кіреберіс бірнеше жолды жарғаны, электр қуатын тарату желілерін зақымдағаны айтылады.

Артиллериядан жаппай атқылап, қайта күш жинаған соң сепаратистер Дебальцевоға шабуыл бастады делінген министрлік хабарламасында.

Сепаратистер ақпарат құралдары "Дебальцевода украин әскері жаппай қаруларын тастап жатыр" деп хабарлады. УНИАН агенттігінің хабарлауынша, еріктілер Дебальцево ұрысында украин әскерінің шығыны көп болғанын айтады.

XS
SM
MD
LG