Accessibility links

Алматыда ұсталған экология белсендіcі босатылды


"Көкжайлауды қорғаймыз" экологиялық қозғалысының өкілі Абай Ерекенов.
"Көкжайлауды қорғаймыз" экологиялық қозғалысының өкілі Абай Ерекенов.

Алматыда бүгін таңертең ұсталған "Көкжайлауды қорғаймыз" экологиялық қозғалысының белсендісі Абай Ерекенов босатылды. Белсенді полиция бөлімшесінде үш сағаттан астам уақыт болған.

Белсендінің сөзінше, полиция оны қала әкімі Ахметжан Есімовтің тұрғындарға есеп беру жиынына бара жатқанда ұстаған. Ол әкімге "экология, транспорт проблемасы, қалдықтарды жою, Көкжайлауда құрылыс жүргізу мәселелері туралы сұрақтар қою үшін» бармақ болған.

Ерекеновтің Азаттыққа айтуына қарағанда, полиция оны «тонауға қатысы бар» деп ұстап, полиция бөлімшесіне апарған. Бірақ кейін ешқандай айып тақпай, я түсіндірмей босатып жіберген. Ол полиция өзінің адвокатқа хабарласу, кезекші прокурорды шақырту немесе тонау болғаны туралы арызды көрсету туралы талаптарын орындамағанын айтады.

Медеу аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші бөлімі Ерекеновтің «әлгіде ғана босатылғанын» айтып, басқа ақпарат беруден бас тартты.

Ахметжан Есімовтің есеп беру жиыны бүгін Республика сарайында өткен. Жиын таңертеңгеі сағат 9 жарым шамасында басталып, түске қарай аяқталған.

XS
SM
MD
LG