Accessibility links

Қарағандыда терроризм айыбымен екі адам сотталған


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты терроризм айыбымен екі адамды ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырған. Ақпанның 10-ы күні шыққан сот үкімі бойынша, Дмитрий Николаев 11 жылға, Әділет Темирканов - 8 жылға түрме жазасына кесілген. Қазақстандық баспасөз құралдары сот үкімі туралы жұма күні хабарлаған.

Айыптау материалдарында Николаевтың біраз уақыт Египетте исламшыл содырлардың жаттығу орталығында арнайы дайындықтан өткені, 2013 жылы қаңтарда Түркия шекарасы арқылы Сирияға барып, үкімет әскеріне қарсы соғысқан «Әбу Ханифа Жамағаты» тобы қатарында болғаны айтылады. Сол жылы күзде Қазақстанға келген ол Теміртау қаласында Қырғызстан азаматы Әділет Темиркановты жолықтырған. Тергеушілер бұл екеуі Қазақстан азаматтарын Сирияға соғысқа баруға үгіттеп, жергілікті әскери бөлім мен полиция мекемесіне террорлық шабуыл жасауды жоспарлаған және исламшыл содырлардың адамдарды қалай өлтіргені туралы видеолар таратқан дейді. Сотта Дмитрий Николаев өзіне тағылған айыптарды мойындаған деп хабарланды.

Жергілікті баспасөз құралдарының кейбірі Дмитрий Николаевты Қазақстан азаматы деп хабарласа, кейбірі оны Түркия азаматтығын алған деп жазады.

Былтыр күзде Қазақстан билік орындары Ирак пен Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымының құрамында 300-ден аса Қазақстан азаматы бар, оның жартысына жуығы - әйелдер деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG