Accessibility links

Ливияда террорлық шабуылдардан 45 адам өлген


Террорлық жарылыс болған жер. Әл-Куббах, Ливия, 20 ақпан 2015 жыл.
Террорлық жарылыс болған жер. Әл-Куббах, Ливия, 20 ақпан 2015 жыл.

Ливияның шығысында үш жарылыстан кемінде 45 адам қаза тауып, 70-ке жуық адам жараланған. Бұл жарылыстарды жасаған жанкештілер көліктегі минаны жарып жіберген.

Жергілікті баспасөздің хабарлауынша, террорлық жарылыстар әл-Куббах қаласындағы жанармай құю бекетінде, полиция мекемесінің қасында және Ливия парламенті төменгі палатасының спикері Акил Салех Кувейдердің үйінің жанында болған. Спикер зардап шекпеген.

Салех бұл шабуылдар әл-Куббахқа жақын жердегі Ливияның Дерна қаласын ақпанның 16-сы күні Египет әскери ұшақтарының бомбалауына содырлардың кек қайтаруы болуы мүмкін дейді. Бұған дейін жиырмадан аса египеттік копт христиандарын «Ислам мемлекеті» содырлары өлтіргені туралы интернетте видео тараған соң, ол қылмысқа жауап ретінде Египет әуеден соққы берген.

Ливияда 2011 жылы Муаммар Каддафидің диктаторлық билігі құлаған соң елде бір біріне бәсекелес қарулы топтар арасында тайталас жалғасып келеді. Ливияда қазір қос өкімет орнаған: елдің шығысындағы Тобрук қаласында әлемдік қауымдастық мойындаған парламент пен Абдалла ат-Тани басқаратын үкімет орналасқан, ал мемлекет астанасы Триполиде исламшыл Жалпыхалықтық ұлттық конгресс пен ол сайлаған премьер Әмір әл-Хасидің үкіметі бар.

XS
SM
MD
LG