Accessibility links

Moody's агенттігі Ресей рейтингін төмендетті


Moody's рейтинг агенттігінің белгісі.

Moody's рейтинг агенттігінің белгісі.

Moody's халықаралық рейтинг агенттігі сенбіге қараған түні Ресейдің дербес несие рейтингін бір сатыға төмен – «Bа1» спекулятивтік деңгейіне дейін түсірді. Рейтинг болжамы «негативті» деп белгіленген.

Агенттік хабарламасында Ресей мемлекеттік облигацияларының рейтингін төмендету туралы шешім қабылдауға Украинадағы дағдарыс, мұнай бағасының күрт құлдырауы және ел экономикасының жағдайы мен орта мерзімді даму перспективасын нашарлататын рубльдің құнсыздануы негіз болғаны айтылған.

«Капитал елден кетіп, халықаралық қаржы нарығына қол жеткізу шектеліп отырған кезде ресейлік валюта қорының азая түсуі және бюджет қысымы Ресейдің қаржы жағдайын айтарлықтай әлсіретеді» дейді Moody's сарапшылары.

Агенттік Украинадағы қарулы жанжалдың Ресей билігін «сыртқы қарызды дер кезінде төлеуге тікелей немесе жанама түрде кедергі келтіретін шешім қабылдауға» мәжбүр ету қаупі күшейе түсетіндігіне назар аударады. Бірақ әзірше ондай қауіп болмашы ғана.

Ресей қаржы министрі Антон Силуанов Moody's болжамын «тым пессимистік сарында жасалған» деп атап, агенттік рейтингті төмендету жайлы шешімді қабылдаған кезде «ең әуелі саяси сипаттағы факторларды басшылыққа алған» деген.

Қазіргі кезде әлемдегі ірі үш рейтинг агенттігінен тек Fitch қана Ресейдің рейтингін инвестициялық деңгейде ұстап тұр. Бұған дейін, қаңтардың аяғында, халықаралық Standard & Poor's агенттігі Ресейдің дербес несие рейтингін қайта қарап, оны BBB- деңгейіне түсірген.

XS
SM
MD
LG