Accessibility links

Мақсат Досмағамбетов Жаңаөзенге оралды


Үй-іші мен жерлестері түрмеден босап шыққан Мақсат Досмағамбетовті қарсы алып тұр. Жаңаөзен, 21 ақпан 2015 жыл.
Үй-іші мен жерлестері түрмеден босап шыққан Мақсат Досмағамбетовті қарсы алып тұр. Жаңаөзен, 21 ақпан 2015 жыл.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына қатысты алты жылға сотталған ереуілшілер белсендісі Мақсат Досмағамбетов сенбі күні Ақтаудағы түрмеден босап, Жаңаөзендегі үйіне оралды. Онда қарсы алуға жүздеген адам келді деп хабарлады Азаттыққа Жаңаөзен оқиғасы кезінде аяғынан оқ тиіп мүгедек болған Дүйсен Нұровтың жұбайы Шолпан.

«Машинадан түскен Мақсат алдынан жүгіріп шыққан үш жарым жасар қызын көтеріп, бетінен сүйгенде жыламаған адам болған жоқ. Ол қыз Мақсатты түрмеге жапқанда 3 айлық нәресте болған» дейді Шолпан Нұрова.

Ақтау қалалық 1-соты Мақсат Досмағамбетовті шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығару туралы ақпанның 5-сі күні шығарған шешімі бүгін күшіне енді.

Үш баланың әкесі Мақсат Досмағамбетов Жаңаөзен ісі бойынша жауапқа тартылған 37 адамның бірі. 2012 жылы ол «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды» деген айыппен Ақтау сотының үкімімен алты жылға бас бостандығынан айрылған.

Жаңаөзен оқиғасына байланысты 37 адам «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «ұрлау» және «тонау» баптары бойынша айыпталған. 2012 жылы маусымда олардың 13-і үш және жеті жыл аралығындағы түрлі мерзімдерге түрме жазасына кесілген. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.

Сотталған 13 адамның барлығы өздеріне тағылған айыптарды мойындамаған. Сол 13 адамның 11-і қазір бостандықта. Ал Нарын Жарылғасынов пен Қанат Жүсіпбаевтың жаза мерзімі әлі аяқталған жоқ.

XS
SM
MD
LG