Accessibility links

Түркия Сириядан сарбаздарын эвакуциялады


Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоглу.

Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоглу.

Түркия қарулы күштері Сириядан Сүлеймен падишахтың зиратын күзеткен түрік әскерилерін эвакуциялау операциясын аяқтады. Осман империясының негізін қалаған Осман біріншінің атасының зираты Сирияның солтүстігіндегі Алеппо провинциясында. Зиратта құрметті қарауыл қызметін атқарған түрік әскерилерін эвакуациялау туралы шешімге Сириядағы азаматтық соғыс пен «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобының содырларымен шайқастар себеп болған. Операция барысында түркиялық бір сарбаз қаза тапқан.

Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоглу Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында Сүлеймен падишахтың сүйегі Түркияға әкелінгенін, кейін ол Сирия территориясына қайтадан апарылатынын хабарлады.

Алепподағы зиратты қырыққа жуық түрік әскерилері күзеткен.

13-ғасырдың басында Евфрат өзеніне ағып мерт болған Сүлейман падишахты сол өзенге таяу жердегі «Түрік мазары» атанып кеткен, қазірде қасиетті саналатын зиратқа жерлеген. Зират Сирия жерінде тұрғанымен, 1923 жылы жасалған келісім бойынша, Түркия оған өз туын тігіп, құрметті қарауыл қою құқығына ие.

«Түрік мазары» өткен айда ғана ИМ тобынан азат етілген Кобани қаласынан 35 шақырымдай жерде орналасқан. ИМ содырлары өздері жаулап алған жерде қасиетті саналатын зираттар мен молаларды талқандап, бұзып тастаған еді.

XS
SM
MD
LG