Мексикалық режиссер Алехандро Иньярритудың «Бердман» (Birdman, «Орнитолог» немесе «Құсбегі») фильмі АҚШ кино өнері академиясының бас жүлдесі - «Оскар» сыйлығын «ең үздік фильм» номинациясы бойынша жеңіп алды. Иньярритудың өзі осы фильмі үшін «ең үздік режиссер» деп танылды.
«Ең үздік актер» номинациясы бойынша жүлдені «Стивен Хокингтің әлемі» фильмінде астрофизик Стивен Хокингтің рөлін сомдаған британдық актер Эдди Редмейн, «ең үздік актриса» номинациясы бойынша жүлдені «Әлі де Элис» фильміндегі рөлі үшін Джулиана Мур жеңіп алды.
Режиссер Лаура Пойтрастың АҚШ арнайы қызметінің бұрынғы агенті Эдвард Сноуден туралы түсірген «Төрт азамат» фильмі «үздік деректі фильм» деп танылды.
Польша режиссері Павел Павликовскидың «Ида» фильмі «шетел тіліндегі ең үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығын алды. Фильмде 1960 жылдары діни қызметке қабылданар алдында өзінің тегі еврей екенін білген Ида есімді қыздың тағдыры суреттеледі.
«Оскар» сыйлығы жүлдегерлерін марапаттау рәсімі ақпанның 22-сі күні жылдағы дәстүр бойынша АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласында өтті.