Accessibility links

Астана: Ресейден жер туралы ұсыныс түскен жоқ


Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара белгісі жанында тұрған адамдар. (Көрнекі сурет)

Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара белгісі жанында тұрған адамдар. (Көрнекі сурет)

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресейдің Омск облысының билігінен Қазақстанмен территория алмасу туралы ұсыныс түспегенін мәлімдеді.

«Ресей Федерациясы Омск облысының губернаторы Виктор Назаровтың Қазақстанмен территория алмасу бойынша ұсынысы туралы ақпаратқа назар аудардық. Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекараны демаркацияға қатысты мәселелер тек қана мемлекеттік шекараны демаркациялау бойынша Бірлескен қазақстандық-ресейлік комиссияның құзыретіне жататындығын хабарлаймыз. Осы комиссиядағы Ресей делегациясы Қазақстанға мұндай ұсыныс жасаған жоқ» делінген министрлік бүгін таратқан ресми ақпаратта.

Сонымен бірге Қазақстан сыртқы істер министрілігі егер Ресей тарабы ондай ұсыныс жасайтын болса, «мәселе қалыптасқан келіссөздер үдерісі және халықаралық тәжірибеге сәйкес қарастырылатын болады» деп хабарлады.

Бұған дейін қазақстандық кейбір басылымдар Ресейдің Омск облысының билігі Қазақстанға Солтүстік Қазақстан облысы территориясынан көлемі он шақырымдай жерді өзіне беріп, орнына Ресейге тиесілі аймақтан сондай көлемдегі жер алуды ұсынған деп хабарлаған еді.

XS
SM
MD
LG