Accessibility links

Назарбаева Әлиевтің өлімі туралы сұраққа жауап бермеді


Парламент мәжілісінің депутаты, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева.
Парламент мәжілісінің депутаты, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, парламент мәжілісі төрағасының орынбасары әрі биліктегі "Нұр Отан" партиясының парламенттегі фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева өзінің бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевтің қайтыс болғаны туралы ақпаратқа түсінік беру жайлы Азаттық тілшісінің сауалына жауап бермеді.

Парламентте бүгін "Нұр Отан" партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы аяқталғаннан кейін Дариға Назарбаева өзіне қойылған сауалға жауап берместен журналистің қасынан өте шыққан. Ал күзет қызметінің өкілі Азаттық журналисін Назарбаевадан алысырақ әкетуге тырысқан.

Бүгінгі фракция жиынында депутаттар республиканың үш жылға арналған бюджетінің жобасын талқылаған. Әуелде отырыс баспасөз өкілдерінің қатысуымен ашық түрде өтеді деп хабарланған. Бірақ жиын басталар алдында журналистер отырысқа кіргізілмейтіні хабарланды.

Ақпанның 24-і күні батыс баспасөз құралдары Вена түрмесінде қамауда отырған Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевтің бүгін таңертең түрме камерасына өлі күйінде табылғаны жайлы ақпарат таратты. Австрия билігі "Әлиев өзіне қол салған" деп хабарлаған.

Австрия прокуратурасы өткен жылдың соңында Әлиевке 2007 жылы қазақстандық екі банкирдің өліміне қатысты айып таққан.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі болған Әлиев бұған дейін өзіне тағылған айыптардың "саяси астары бар" деп мәлімдеген. Ол өткен жылдың маусымында Австрия билігіне өзі беріліп, Венада қамауда отырған.

Разат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның некесі 2007 жылы сот шешімімен, Әлиевтің қатысуынсыз бұзылған. Олардың екі ұл, бір қызы бар.

XS
SM
MD
LG